http://tpsa.kz/wp-content/themes/business_theme/js/main-page-scripts.js">

Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері бастапқы кезеңде жұмыс істеген кезде оларға үй-жайларды, жабдықты ұсыну, бухгалтерлік есепті жүргізу, заңгерлік, ақпараттық және консультациялық сүйемелдеу, инвестицияларды тарту, жобаларды басқару жөніндегі қызметтерді, сондай-ақ индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін қажет өзге де қызметтерді көрсетуді білдіретін технологиялық бизнес-инкубациялау Технопарк қызметінің негізгі түрі болып табылады.

Біздің технопарк «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ әзірлеушісі және үйлестірушісі болып табылатын технологиялық бизнес-инкубациялау бағдарламасының орындаушысы болып табылады.

Бағдарлама Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қамқорлығымен іске асырылады және инновациялық жобалардың бастамашыларына оларды нарыққа ілгері жылжытуда жәрдем көрсетуге бағытталған.
ТБИ бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету, сондай-ақ мұндай қызметтер құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 20 қыркүйектегі № 1226 қаулысына сәйкес іске асырылады.
ТБИ бағдарламасының мақсаты – шағын инновациялық кәсіпорындар мен инноваторларға қызмет көрсету, жаңа фирмаларды «өсіру», олардың орнығуына және дамуының ерте кезеңінде табысты қызмет етуіне өтеусіз негізде көмек көрсету.
Бір жобаға ТБИ қызметтерін көрсету кезеңі ТБИ қызметтері көрсетіле бастаған күннен бастап 24 (жиырма төрт) айдан аспауға тиіс.
Бір жобаны іске асыруға арналған ТБИ қызметтерінің жалпы құны нақты жобаның ерекшеліктеріне сәйкес айқындалады, бірақ жылына Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті қаржы жылына бекітілген, 8000 (сегіз мың еселенген) айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Заңды және жеке тұлғалар ТБИ қызметтерін алуға өтініш берушілер бола алады. ТБИ бағдарламасына қатысу үшін өтініш берушінің жобасы мынадай критерийлерге сәйкес келуге тиіс:
1) белгілі бір сандық және сапалық параметрлері бар өнім өндіруге бағытталуға;
2) тиісті сарапшылар растаған және қосымша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап етпейтін өнім үлгісі болуға;
3) Қағидаларға сәйкес ТБИ қызметтерін көрсету шеңберінде жоспарланған нәтижелер бойынша сәйкес келуге тиіс.
Қызметтерді көрсету тәртібі мен түрлері. ТБИ қызметтерін көрсету рәсімі он кезеңде жүргізіледі:
1) ТБИ қызметтерін көрсетуге өтініш берушілерден өтінімдер қабылдау;
2) технопарктердің өтінімдерді алдын ала іріктеуі;
3) үйлестіруші ұйымдастыратын, алдын ала іріктеуден өткен өтінімдердің сыртқы сараптамасы;
4) өтініш беруші сұрау салған ТБИ қызметтері құнының негізділігін бағалау;
5) сараптама кеңесінің өтінімдерді қарауы;
6) үйлестірушінің ТБИ қызметтерін көрсету туралы шешім қабылдауы;
7) технопарк пен көрсетілетін қызметтерді алушы арасында ТБИ қызметтерін көрсету туралы үлгі шарт негізінде ТБИ қызметтерін көрсету туралы шарт жасасу;
8) технопарктердің ТБИ қызметтерін көрсетуі;
9) ТБИ бағдарламасы шеңберінде жобалардың іске асырылу мониторингі;
10) ТБИ қызметтерін көрсету нәтижелерін бағалау.

ТБИ бағдарламасы шеңберінде өтініш берушілерге мынадай қызметтер көрсетілуі мүмкін:

– жобаны бухгалтерлік сүйемелдеу – бухгалтерлік есепті жөргізу жөніндегі кәсіпқой қызметтер, өтініш берушіге бухгалтерлік есепке байланысты әртүрлі мәселелер бойынша консультация беру;
– жобаны заңгерлік сүйемелдеу – жобаны іске асыру процесінде туындайтын мәселелер бойынша кәсіпқой заңгерлік қызметтер;
– жобалық менеджмент – жобаны іске асыруға байланысты басқарушылық шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде әріптестерді және қаржыландыруды іздестіру, персоналды, қоса орындаушыларды іріктеу жөніндегі консультациялық қызметтер;
– жобаны жалпы және әкімшілік сүйемелдеу – ақпараттық қолдау көрсету, кеңсе тауарларымен және керек-жарақтарымен қамтамасыз ету, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау құралдарын алу жөніндегі консультациялар, тұсаукесер материалдарын дайындау, іскерлік кездесулерді ұйымдастыру, хатшылық қызметтері, осы тармақтың басқа тармақшаларына енгізілмеген өзге де ілеспе қызметтер;
– жобаны экономикалық сүйемелдеу – экономикалық есеп-айырысуларға, жобаны іске асыру шеңберіндегі экономикалық сипаттағы мәселелер бойынша консультацияларға байланысты кәсіпқой қызметтер;
– жобаны маркетингтік сүйемелдеу – нарықты бағалау, бәсекеге қабілеттілік критерийлерін айқындау, маркетингтік стратегияны әзірлеу, өнімді нарықта ілгері жылжытуға байланысты басқа да зерттеулер;
– бизнес-жоспарды әзірлеу;
– техникалық құжаттаманы әзірлеу – өнімді жобалаудың қазіргі заманғы технологияларын қолдануға, конструкторлық, технологиялық, нормативтік құжаттаманы әзірлеуге байланысты кәсіпқой қызметтер;
– инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – коммуналдық қызметтерге және байланыс қызметтеріне төлемді қоса алғанда, өтініш берушіге жобаны іске асыру үшін қажет әкімшілік, өндірістік, қосалқы мақсаттағы үй-жайларды, сондай-ақ қажетті жабдықты немесе осындай жабдықты пайдалана отырып, қызметтерді уақытша өтеулі пайдалануға беру;
– жобаны ілгері жылжыту – жобаның логотипін, тұсаукесер материалдар дизайнын, өзге де символикасын әзірлеу, көрсетілетін қызметтерді алушының көрмелерге қатысуын қамтамасыз ету, бұқаралық ақпарат құралдарында, технологиялар трансферті желілерінде, мамандандырылған ақпараттық жүйелерде жоба туралы ақпараттық материалдарды орналастыру, жоба бойынша ақпаратты таратуға байланысты басқа да қызметтер;
– жобаны аудармамен сүйемелдеу;
– жобаны консультациялық және инжинирингтік сүйемелдеу – тиісті біліктіліктің, ресуртардың болуына байланысты ТБИ бойынша жекелеген іс-шараларды іске асыру үшін қатысуы қажет қоса орындаушыларды тарта отырып көрсетілетін техникалық, технологиялық сипаттағы мамандандырылған қызметтер;
– жобаны іске асыруға байланысты көрсетілетін қызметтерді алушының іскерлік сапарларын ұйымдастыру;
– өндірісті игеру процесінде өнімнің параметрлерін айқындау үшін оның сынақтары мен апробациясын жүргізу;
– өнімнің тәжірибелік партиясын нарықта өткізу мақсатында оны шығаруға жәрдемдесу;
– жобаны іске асыру кезінде пайдаланылатын зияткерлік меншік объектілеріне Қазақстан Республикасының аумағында патент беруге жәрдем көрсету;
– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат беру құжаттамасын (сертификаттар, лицензиялар, техникалық шарттар, стандарттар және т.с.с.) алуда жәрдем көрсету.
Белгіленген рәсімдерге сәйкес өтініш берушілер өздеріне қажет қызметтердің тізбесі мен көлемін дербес таңдайды.
Бағдарламаға қатысуға арналған өтінімдерді іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі. Жобаларды іріктеу кезіндегі негізгі критерийлер: ұсынылып отырған шешімдердің бәсекеге қабілеттілігі және инновациялық құрамдас бөліктің болуы.
Технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерін ұсыну тәртібімен және шарттарымен мына жерде танысуға болады (ТБИ 2013 Қағидаларына сілтеме)